2022 жылы 18 қарашада Атырау қаласындағы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» (KPI) ЖШС зауыты 1,5 мың тонна полипропилен тиелген алғашқы контейнерлік пойызды (62 контейнер) экспортқа жөнелтті.
Сонымен бірге «РГК-Каспий», «Универсал», «ALPHA PLAST» секілді отандық компаниялардың мекенжайына да алғашқы полипропилен өнімі жіберіле бастады. Зауыт Қазақстанның ішкі нарығын полипропиленмен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Ай соңына дейін өнімді ҚР тұтынушыларына және көлемі 9 мың тоннадан асатын тағы 6 контейнерлік пойызды экспортқа жіберу жоспарлануда.
Қазақстандық зауыттан шыққан өнімінің сапасын әлемге әйгілі швейцариялық SGS компаниясы бағалайды. Компания зертханасы зауыт аумағында жұмыс істеп тұр.
Естеріңізге сала кетсек, KPI зауыты («ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының» аталған ЖШС-де үлесі бар) 2022 жылы 8 қарашада іске қосылды және бұл – Қазақстан экономикасындағы тұңғыш газ-химия кешені. Кәсіпорынды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына сапары кезінде ашты. Зауыттың толық қуатына, яғни жылына 500 мың тонна өнімге шығуы оны әлемдік нарықта полипропилен өндіретін ірі ойыншылармен бір қатарға қояды.
Полипропилен – машина жасау, медицина, электр техникасы ғана емес, орама материалдар, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша және кеңсе жиһаздары өндірісінде, сондай-ақ құрылыста, тоқыма және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын негізгі шикізат.